Abstract:
Отандық ғалымдардың айтуына қарағанда Қарахан мемлекеті толық зерттелмеген. Оған басты
екі себеп алға тартылады, біріншісі – сол дәуірге байланысты дереккөздердің аздығы, екіншісі – деректердің
араб-парсы тілдерінде сақталғандығы. Аталмыш дәуірдің жазба ескерткіштеріне жататын «Құтадғу білік»,
«Диуани лұғат ат-түрк» сияқты еңбектер жалпыға белгілі. Бұл мақалада, сондай құнды деректер тізіміне тағы
бір жәдігердің енгендігін хабарланады. Ол, Қарахан мемлекеті тұсында аударылған алғашқы Түркі тіліндегі
Құран аудармасы (Райландс нұсқасы). Бұл аударма алғашқы түркі-ислам мемлекетінің, яғни, түркілердің
алғашқы құран аудармасы болып табылады. Бұл тақырыпқа қатысты отандық ғалымдар тарапынан жазылған
ешқандай мақала не зерттеу жұмыстары кездеспеді, яғни Қазақстан ғылымына әлі белгісіз. Сондықтан
мақалада қозғалған бұл мәселе Түркітану бойынша өміршең жаңалықтардың бірі болмақ. Бұ тақырыпқа
байланысты шетел ғалымдары біршама зерттеулер жасаған, бірақ тұтас қарағандықтары байқалмайды.
Ғалымдардың деректабу бойынша қалыптастырған жүйесімен, белгілі жазба ескерткіштердің тізімі көрсетілді,
шетел ғалымдарының біз үшін жаңалық болған Құран нұсқасына жасаған сипаттамалары, кейбір пікірлері,
Қарахан мемлекетінің тіліне жататындығы туралы қорытқан ойлары берілді. Қазақстан ғылымы үшін үлкен
жаңалықтардың бірі. Түркі тіліндегі Құран аудармасынан Қарахан дәуіріндегі тілден және оған дейінгі түркі
сөздерінен мол сөздік қоры шығатындығына сенімдіміз. Бұның бағасын болашақта тіл мамандары бере жатар.
Алдағы уақытта мәтіндік зерттеу жүргізу үшін арнайы жобалар жасалып, әдеби жазба ескерткіштеріміздің
тағы бір нұсқасы ретінде тиісті мекемелер тарапынан қамқорлыққа алынатындығына сенеміз.