Abstract:
Мақалада көне түркілер өмір сүрген және қағанат құрған дәуірлердегі (б.д.
V-VIII ғасырлар) Алтайлық ареалда орын алған саяси, экономикалық және мәдени өзгерістер зерттелген. Бұл үшін ең әуелі түркі дәуірінің қарсаңында Алтайды және оның айналасын мекендеген түрлі этностар (гаошэ, динлин, тоғыз оғыз, басмыл ) мен олардың
көк түріктерге этникалық қатысы, көші-қоны, саяси байланыстары қарастырылды.
Сонымен бірге, көк түріктердің өсіп-өнуі мен мемлекеттілігінің түпкі бастауы туралы аңыз-әңгімелерге маңыз бере отырып, олардың Алтай тауын орталық етіп құрған
Алғашқы Түркі қағанаты және оның шығыс-батыс екі қанатқа бөлінуі, Батыс Түрік
қағанаты мен Шығыс Түркі қағанатының Таң империясымен қарым-қатынасы туралы зерттелді. Осынау тарихи процесстердегі Алтай аймағының геосаяси орны көрнектілендірілді. Себебі, Алтай аймағы әлемдік тарихи процестерде жетекші рөл ойнаған
аймақ. Дүниежүзі тарихына белсенді әсер еткен үш үлкен империя алғаш Алтайда
құрылып, одан жер жүзіне қанат жайған. Олар Хұн, Көк Түрік және Шыңғыс хан империялары. Әрине, осы аталған империялардың бәрінің Алтайды түпкі тірек ете көтеріліп, дүниежүзіне ықпал етуі кездейсоқ жағдай емес. Мақалада тек түркі дәуіріне
тән түрлі жағдаяттарды жіті зерттеу арқылы Алтайдың түркі халықтарының рухани өміріндегі орны мен рөліне, әсіресе, түпкі атажұрттық маңызына тоқталады.
Бірінші бөлімде түркілердің тарих сахнасына шығуындағы Алтайдың рөлі қарастырылды. Онда алдымен Шығыс Түркістанның (ҚХР Синьцзян өлкесі) солтүстік-шығыс
бөлігіндегі Боғда, Бәйтік және Алтай тауы орналасқан үшбұрышты аймақ, Алтайдың
терістігі, Таулы Алтай өлкесі, сондай-ақ, Саян және Енисей ойпаты бір бүтін тарихи-географиялық аймақ ретінде талдап алынды. Бұл біз үнемі айтатын алтайлық ареал
болып табылады.
Мақалада осынау байтақ кеңістіктің ортасында тұрған Алтай тауының түркілердің
өсіп-өнуі мен мемлекет құруындағы және сыртқы әлемге әсер етудегі рухани, шаруашылық және саяси рөлі айқындалды. Ол үшін Қытайдың «Солтүстік хандықтар
тарихы», «Чжоу кітабы», «Суй кітабы» секілді тарихи деректерінде жазылған түркілердің шығу тегіне қатысты аңыздарда айтылатын тарихи-географиялық белгілерге
маңыз берілді. Бұл деректердің барлығы көне түркілерді б.з. V ғасырдың кейінгі жартысында Гаочанның (Идіқұттың) солтүстік етегінен Алтай тауына және оның төңірегіндегі жерлерге дейін мекен етті деп жазады. Ендеше, түркілер бұған дейін қалай аталды және қай жерлерде жүрді? Бұл сұраққа жауап беру үшін мақаланың екінші бөлімінде
түркілерді қалыптастырған бірнеше этностың тарихына қысқаша тоқталып өтеді.
Олар ертеден Алтайды мекендеген, бірінен соң бірі мемлекет құрған Динлин, Гаошэ,
Басмыл және Тоғыз оғыздар. Мақалада олардың тарих сахнасына шығуы, бір-бірімен байланысы, көші-қоны және мәдени-шаруашылық дамуы хронологиялық тәртіппен зерттелді.
Үшінші бөлім Түркі қағанаты кезінде Алтайда орын алған саяси оқиғаларды зерттеуге
арналды. VI ғасырдың орта кезінде түріктер Алтайды мекендеген телилердің ішінен өсіп
шықты. Олар «Суй кітабында» айтылатын Байқал көлінен Еділ өзеніне, оңтүстікте
Еренқабырғаға (Тянь-Шаньның солтүстік етегі) дейін кең жайылған 41 тайпалы телилердің ішінде Алтай тауының оңтүстік-батысын мекендеген Суэянто (xueyantuo), Дэлэ-эр (Dieleer), Шипань (Shipan), Даци (Daqi) қатарлы тайпалар еді. 546 жылы оғыздарды қамтыған өзге тели тайпалары бірігіп жоужандарға қарсы шабуылға шықты. Түмен
қаған Тели тайпаларын бастап шығып, көтеріліс жасап, 50 мың қосынды өзіне қаратып
алды. Осыдан бастап, олардың күш-қуаты арта түсті. Мақала да түркілердің тарих
сахнасына шығудағы осындай алғы шарттар жіті зерттеліп, Түркі қағанаты кезінде Алтайдың Шығыс және Батыс Түркі қағанаттарының орталығы, кейін шекарасы
болғандығы, осында орын алған оқиғалардың әр екі тарапқа да әсер етіп отырғаны атап көрсетілді. Сонымен бірге, Алтайда туылған, әрі Батыс және Шығыс Түркі қағанаттарының саяси өміріне әсер еткен ірі оқиғалар қарастырылды.