Abstract:
Құрметті ханымдар мен мырзалар!
Қадірлі медиафорум меймандары!
Бүгінде әлемдік қауымдастықтың беделді мүшесі және Орталық Азия өңірінің көшбасшысы ретінде танылған Қазақстан еліне, қазақ жеріне келген қадамдарыңыз құтты болсын.
Осымен жетінші рет өткізіліп отырған Еуразиялық медиафорум өз тарихында дүние дамуындағы ең күрделі деген проблемаларды шешудің жолдарын іздестіріп келеді.
Биылғы форумда да талқыланатын проблемалар аясының ауқымы арта түспек. Өйткені, жаһанды алаңдатып отырған бүгінгі экономикалық дағдарыс пен бірқатар саяси қайшылықтарды шешуге баршамыз мүдделі екеніміз анық.
Сондай-ақ, қазіргі уақытта сөз бостандығы мен ой еркіндігін қамтамасыз ету, баспасөздің қоғамға анық та айқын ақпарат жеткізуі әлемдегі келелі мәселенің біріне айналып отыр.
Осы алқалы басқосуға келген халықаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бұл мәселелер де салиқалы сұхбат тақырыбына айналады деп ойлаймын.