Abstract:
________________________________________
Құрметті форумға қатысушылар!
Ханымдар мен мырзалар!
Баршаңызды Еуразиялық Медиа-форумның ашылуымен құттықтаймын!
Осымен тоғызыншы рет өткізіліп отырған медиа-форум игі дәстүрге айналды. Форумда адамзатты алаңдатар жаһандық ауқымдағы өзекті мәселелер үзбей талқыланып келеді.
Салиқалы, сындарлы мұндай сұхбат орнының Қазақстанда қалыптасуы кездейсоқ емес. Батыс пен Шығысты тоғыстыратын қазақ жері бүгінде бейбітшілік белдеуіне айналды. Өркениетті диалогтың өзіндік моделі орныққан қазақ елінде әлемдік діндер мен дәстүрлі конфессиялардың 3 құрылтайы өтті.
Татулықты ту еткен еліміз дүние жүзіне ізгіліктің өнегесі болуда. Қазақстан ТМД мемлекеттері арасында тұңғыш рет Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуде.
Халқымызда бағзыдан жеткен «Жол – жүрсе өнеді» деген даналық сөз бар. Жолдың өнуі үшін нақты қадам керек.
Біз ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан тұңғыш мемлекет ретінде қашанда жаһандық қауіпсіздіктің табанды жақтаушысы болып келдік. Бұл орайда таяуда елімізге келген БҰҰ Бас Хатшысы Пан Ги Мунның «Ядролық қаруға ие барлық елдерді Қазақстанның жолымен жүруге шақырамын» деген мәлімдемесі көп жайтты аңғартады. Біздің бұл бағыттағы белсенді шараларымыз одан әрі жалғаса береді.