Abstract:
Ұлтты танудың бірден-бір құралы - оның тілі. Тіл мен тарих тамырлас деп айтатынымыз бар.
Біздің мақаламыздың тақырыбы ономастика, яғни антропонимдердің төңірегінде өрбімек. Ономастиканы халықтың тарихи мәдени және ақпараттық коды деп айтуға болады. Тілдің сөздік құрамында аппелятивтерге қарағанда саны біршама болып келетін онимдер халықтың болмыс-бітімін, дүниетанымын, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын, сайып келгенде оның тарихын көрсететін бірден-бір танымдық құрал деуге әбден болда. Оған лингвист ғалымдар айтқан көптеген негізді пікірлер дәдел. Мысалы: ресейлік ономаст В.А.Никонов: «первый закон антропоними, как и всей ономастики – историзм» деген екен [1]. Ал ғалым Н. Уәли «Сөз де сырсандық тәрізді. Сәті түсіп, кілті табылғандай болса, көп нәрсені баян етіп, халықтың өткендегі ой-қиялы, тыныс-тіршілігі, дүниетанымы туралы сыр шертіп тұрады»[2], - деп, лингвистика пласттарының бірі ономастиканың танымдық немесе гносеологиялық қызметін атап көрсетеді. Осы орайда онимдер тек идентификациялау, индивидуализациялау және дифференциациялау қызметін атқармай, гносеологиялық қызмет атқарады және ономастикалық бірліктердің ментальді-когнитивтік сипаттарын айқындау қазақ тіл біліміндегі өзекті мәселелердің бірі деп айтуға болады.