Description:
Очерк жанрының проблемасы туралы журналдарда алғашқы өрбіген пікірталас 1930 жылдардан басталса да, содан бері очерктегі ойдан-шығару (қиял) туралы пікірлер қайшылығы, талас-тұжырымдар толастамай келеді. Қазір ол қайшылықтар саябыр тапқан, бірақ келіспеушіліктер уақыт өткен сайын бой көрсетіп қалады. Өйткені, жалпыға ортақ, барша жұрт мойындаған тұжырым әлі де айқын емес. Қиялды қорғаушылар қиялсыз очерк жанрын елестету мүмкін емес деген өз тұжырымдарынан таймаса, ал қарсыластары очеркке ойдан шығаруды кіргізуге болмайды деп үзілді-кесілді қарсы пікір айтады. Очерктегі ойдан шығарылған оқиғаларға ең алдымен очеркшілердің өзі қарсы шығады. Мәселен, Б.Полевой өзінің журналистік тәжірибесіне сүйене отырып, “очеркке қиялды кіргізуге болмайды” [1], - дейді. Осы тәріздес тұжырымға К.Симонов [2], В.Ставский [3], Е.Кригер [4] және тағы басқалар да тоқтайды. Кейде очеркшінің өзі “бұл очеркте тек шынайы деректер жазылған” деп мәлімдейді. Бірақ кейбір қырағы сыншылар бұл мәлімдемеге кереғар келетін үзінділерді тауып алып та жатады.